Екібастұз халқын сапалы сумен қамтуға 23,7 млрд теңге бөлінеді
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осындай жоспарын ортаға тастады.
«Екібастұз қаласы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік деңгейі - 94%. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала халқы 100% сапалы сумен қамтамасыз етіледі.
2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жобаларды іске асыруға 23,7 млрд теңге қаражат қажет. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 19,3 млрд теңге бөлінеді.
Бөлінген қаражат есебінен 104,7 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және жаңғырту жоспарланған. 481 жұмыс орны құрылады», - деді министр.
Министрліктің дерегі бойынша, 2025 жылға дейін бұл бағытта мынадай жобаларды іске асыру міндеті тұр:
1. «Сарықамыс және Зеленая Роща ауылдарында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын аяқтау» – республикалық бюджеттен 77,6 млн теңге;
2. «Әлкей Марғұлан және Төрт-Құдық ауылдарын сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау» – республикалық бюджеттен 0,8 млрд теңге;
3. «Диаметрі 920 мм, 1020 мм, 10,6 км су тартқышты реконструкциялауды аяқтау» – республикалық бюджеттен 0,4 млрд теңге;
4. «48,7 км тоғыз магистральдық су құбырын реконструкциялау» – республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге;
5. «Қаланың шағын аудандарында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту, 30,3 км» – республикалық бюджеттен 0,8 млрд теңге;
6. «№1 сорғы станциясын, 2 тазарту су құбыры құрылыстарын реконструкциялау» – республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге;
7. «Реагенттік шаруашылық блогын реконструкциялау» – жобасына республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге;
8. «Оңтүстік және солтүстік аудандардың кәріз желілерін салу» – республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге;
9. «М.Жүсіп көшесі 4,9 км бойынша кәріздік коллекторды тассыз тәсілмен (санация әдісі) реконструкциялау» – республикалық бюджеттен 3,9 млрд. теңге.