Екібастұз қаласының Солнечный кентінде әкім сайлауы өтті
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – 23 сәуірде Екібастұз қаласының Солнечный кентінде әкім сайлауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 3847 азамат енгізілді. Оның 2027-сі дауыс беруге қатысты. Жарамсыз бюллетеньдер саны - 272, «Барлығына қарсы» белгісі бар - 239. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен барлығы 4 кандидат құжат тапсырды. 31 наурызда ҚР мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бір үміткерді тіркеуден бас тартылды. Әр кандидатқа берілген дауыстар саны: Е.Е. Ақылтаев – 167, А.Ә. Әубәкіров – 701, К.Ж. Рахымбеков – 648», - делінген Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының қорытынды құжатында.
Сайлау нәтижесі бойынша Солнечный кентінің әкімі болып Әлібек Әубәкіров сайланды. Ол - 1985 жылы туған, бұған дейін аталған елді мекен әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.