13:44, 08 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Екібастұз тұрғындары «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының 20 жылдығын атап өтпек
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Николай Кузнецов/ - Екібастұзда «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының 20 жылдығын тойлауға байланысты қала әкімінің орынбасары Сансызбай Төлеубаев қаланың құрметті азаматтарымен,
этномәдениет бірлестіктерінің басшыларымен және БАҚ редакторларымен кеңес өткізді.
«Кеншілер мен энергетиктер қаласында ай бойы ұлттық мәдениет орталықтары, студенттер және мектеп оқушылары қатысатын мемлекеттік тілді білуге арналған конкурстар өтеді, - деді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ерлан Қабдылов. - «Тіл - тәуелсіздігімнің тірегі», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тақырыптарда «дөңгелек үстелдер», «Мемлекеттік тіл: ізденістер, проблемалар» атты ғылыми-практикалық конференция, пікірталас ойындары және көрмелер ұйымдастырылады».
Қорытындылары қыркүйектің 22-сінде - «Қазақ тілі» қоғамының мерейтойына және «Тілдер туралы» ҚР Заңына арналған мерекелік концертте шығарылатын болады.