Екібастұз ЖЭО учаске басшысының өліміне қатысты полиция түсінік берді

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Полиция департаменті Екібастұз жылу-электр орталығының учаске басшысының өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Екібастұз қаласының полиция басқармасы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ болған оқиғаның мән-жайын алдын ала анықтадық: 33 жастағы ер адамның денесі Екібастұз гараждарының бірінде қозғалтқышы оталып тұрған жеке автокөліктен табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға отбасылық жанжал салдарынан болған және марқұмның қызметімен байланысты емес.

Бірқатар сараптама тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Екібастұз ЖЭО-ның 33 жастағы учаске бастығы өз көлігінде өлі күйінде табылғаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр апат салдарын жою жұмыстары аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар