Екібастұзда 16 жастағы жасөспірімнің қолында петарда жарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұзда 16 жастағы жасөспірімнің қолында петарда жарылды. 11-сынып оқушысы 3 қаңтар күні кешкі сағат сегізде емханаға жеткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Екібастұзда 16 жастағы жасөспірімнің қолында петарда жарылды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, шақыру Бөгенбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден түскен.

«№18 мектептің оқушысы екі қолының да жыртылған жарасымен жарақат пунктіне жеткізілді», - деді басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, Жаңа жылды мерекелеу кезінде орын алған оқиғалар салдарынан ауруханаға түскен жас адамдар көп.

«Бүгін Екібастұзда түнгі сағат 1-де екінші қабаттан мас күйдегі 18 жастағы қыз құлады. Ол жабық бас сүйек-ми зақымы, ми шайқалу, іштің сыздап ауруы деген диагноздармен жарақат пунктіне жеткізілді», - деді Эльмира Темірғалиева.

Сонымен қатар, өткен түнде Екібастұздың травматологиялық пунктіне екі аяғын екінші және үшінші дәрежеде үсік шалған 54 жастағы ер адам түсті.