Екібастұзда 2029 жылға дейін ГРЭС-3 стансасы салынады
«Самұрық - Энерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұдан бөлек, екі жаңа энергия блогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту бойынша жұмыстар жалғасады. Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы бойынша жобалау алдындағы іс-шаралар басталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Серік Түйтебаевтың айтуынша, ел энергетикасындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалар Екібастұз бен Алматы энергокешендерінде жүзеге асып жатыр.
– Бірқатар жаңа нысандар қазірдің өзінде пайдалануға берілді, басқалары бойынша іске асыру мерзімі 2030 жылға дейін деп болжанып отыр, – дейді ол.
Оның ішінде жаңа электр сүзгілерін орната отырып, ГРЭС-1-де №1 энергия блогын қалпына келтіру ісі бар.
Жоба станцияның қуатын жобаланған 4000 МВт-ға дейін арттырады. Құрылыс-монтаждау жұмысын аяқтау және блокты пайдалануға беру 2023 жылдың желтоқсанына жоспарланды.
№3 энергия блогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2 кеңейтіледі және реконструкцияланады.
Жаңа энергия блогының құрылысы станцияның белгіленген қуатын 636 МВт-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді және жылына қосымша 4,8 млрд кВтсағ энергия өндіруді қамтамасыз етеді.
Іске асыру мерзімі – 2026 жылға дейін.
Ал №4 энергия блогын орнату станцияның белгіленген қуатын 636 МВт-ға ұлғайтуға және жылына қосымша 4,8 млрд кВтсағ өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Іске асыру мерзімі – 2027 жыл.
№5 және № 6 энергия блоктарын орнату 2029-2030 жылдарға дейін аяқталады.
Соңғы жоба - Екібастұз ГРЭС-3 стансасын салу.
Бұл - қолда бар инфрақұрылымды пайдалана отырып және қоршаған ортаға ластаушы шығарындыларды азайту үшін жаңа технологияны қолдану арқылы параметрлері жоғары 1200 МВт жаңа станцияның жобасы.
Іске асыру мерзімі – 2028-2029 жылдар.
Фото: pavlodarnews.kz