Екібастұзда 6 км-ден астам жылу желісі жаңартылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұздың 2023-2024 жылғы қыс мезгіліне дайындығы үш бағытта жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
None

Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңес отырысы барысында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мәлімдеді.

Бірінші бағыт аясында жергілікті жылу электр орталығы жаңғыртылады. Станцияны жаңарту жұмыстары ақпан айында басталды – қазіргі кезде 2 қазанагрегат жөндеуден өтуде.

ЖЭО бюджет есебінен, сондай-ақ үлескерлер қаражаты есебінен де жөнделеді. Осылайша, мемлекет қазынасынан бес ыстық су қазандығын жөндеу жұмыстары қаржыландырылып, «ОАЭК» АҚ ақшасына олардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Үлескерлер сонымен қатар үш электр қазандығын жөндеуді және жалпы зауыт жабдықтарыны жаңартуды өз мойнына алды.

Екінші бағыт – жылу желілерін жөндеу. Сәуірде гидравликалық сынақтардан кейін анықталған зақымдарды жоюға күш салынады.

«Облыс әкімінің қолдауының арқасында Екібастұзға анықталған кемшіліктерді жоюға 1,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жылу желілеріне де тексеру жүргізіліп, құбырлардың ең тозған учаскелері анықталды. 6,4 шақырым жылу желілерін жөндеу және салу жоспарланған», - деді А.Бейсекин.

Бұдан басқа, тұрғын үй қорын жаңа жылыту маусымына дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Әр үйге жауапты адамдар тағайындалып, дайындық барысын бақылайды.

Жалпы, биыл облыстағы энергия көздеріндегі негізгі 40 техниканы жөндеу жоспарлануда. Жылумен қамту желілері бойынша 23 шақырым желіні қайта құру және күрделі жөндеу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар