Екібастұзда әскери билет сатпақ болған инспектор сотталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екібастұз Қорғаныс істері бөлімінің қызметкері алаяқтық айыбымен сотталды , деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне сілтеме жасап.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұз Қорғаныс істері бөлімінің инспекторы Б. Қасымбаевқа қатысты тергеу амалдарын аяқтады. Қасымбаев өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, «әскери билет алып беремін» деп жедел әскери қызмет шақырылушысынан 800 мың теңге пара алған. 6 тамыз күні Семей гарнизоны әскери сотының үкімімен Қасымбаевқа 7,6 млн теңге айыппұл салынды», делінген хабарламада.
Айыппұл үкім өз күшіне енген сәттен соң, 3 ай мерзімде төленуі тиіс. Төленбеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылады.
Сотталушы «Аға сержант» әскери шенінен айырылды және мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Еске сала кетсек, әскери билет сатпақ болған Екібастұз қаласының инспекторы мамыр айының соңында ұсталған еді.