Екібастұзда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттайды

  ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - 1 наурыздан бастап Екібастұз қалалық автобустарында жол жүру ақысы 65 теңге болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сілтеме жасап.

Екібастұзда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттайды

Бұған дейін жол жүру ақысы 10 теңгеге арзан, яғни 55 теңге болған. Екібастұз ТКШ бөлімінің ресми хабарламасында «2018 жылдың 1 наурызынан бастап қалалық қоғамдық көліктегі жол ақысының тарифі - 65 теңге болады, сондай-ақ жеке санаттағы азаматтар үшін және зейнеткерлер, 3-топтағы мүгедектер, көп балалы аналар үшін - 32 теңгені құрайды» делінген.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары (1-11 сыныптар) жол ақысының тек жартысын - 32 теңге төлейді.

Бүгінде Екібастұзда 10 маршрут бар - күн сайын 50-ден астам автобус рейске шығады.