Екібастұзда коронавирус жұқтырған жаңа босанған әйел ауыр халде жатыр
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Павлодар облысында коронавирус инфекциясының ауру белгілерімен 2 адам тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияға сілтеме жасап.
COVID-19 1977 жылғы әйел адамда және 1958 жылғы ер адамда анықталды. Екеуі де - Екібастұз қаласының тұрғындары.
43 жастағы әйел адам жүктіліктің 40 аптасында Павлодар қаласының жұқпалы аурулар акушерлік-хирургиялық госпиталіне жүгінген. Оның ішінің төменгі жағы ауырып, мұрны бітелген. Дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, жөтелген.
Тексеріс өкпенің екіжақты қабынуын анықтады. COVID-19-ға алынған анализ бұл азаматшаның вирусты жұқтырғанын көрсетті. Сол күні азаматша кесар отасымен тиісті мерзімінде баланы дүниеге әкелді. Қазіргі кезде пациенттің жағдайы интоксикация, демікпенің арту есебінен ауыр болып отыр. Нәресте талдау нәтижесі келгенге дейін бақылауда болады.
62 жастағы ер адам жұмыс орны бойынша бұған дейін анықталған КВИ жағдайымен байланыста болғандықтан тексерілген. Емханаға дене қызуының көтерілуі, бас ауруына, буындарының ауыруына шағынып жүгінген. ПТР-зерттеу COVID-19-ды анықтады.
Пациент Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды.
Олармен байланыста болуы мүмкін адамдар анықталды.
ҰСО филиалы мамандарының күшімен ошақтарда дезинфекция жүргізілді. Өңірде эпидемияға қарсы шаралар қолға алынған.
9 маусымдағы жағдай бойынша Павлодар облысында коронавирус инфекциясымен жалпы 286 адам тіркелген, оның ішінде 172-сі жазылып шыққан.