Екібастұзда Солтан қожа кесенесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұз аймағындағы Қылдыкөл шатқалында Исабек ишан тарихи-мәдени кешеніндегі құрылысы аяқталған Солтан қожа кесенесінде Құрбан айттың алғашқы күні ас берілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Екібастұзда Солтан қожа кесенесі ашылды

Кешеннің тұсаукесері биыл Солтан қожаның туылғанына 120 және өзінен соң таяғына ие боп, дін-ағарту ісін жалғастырған Исабек ишан шөбересі Жандарбек қожа Қожахметұлының туылғанына 110 жыл толуына орайластырылды.

Айта кетерлігі, ел ішінде «Атам басы» аталып кеткен қорымда Ертіс-Баян өңіріне ислам дінін таратуда елге еңбегі сіңген дін қайраткері Исабек ишан және оның діни-ағартушылық қызметін жалғастырған ұрпақтары мәңгілік мекен тапқан. Соның ішінде халық арасында Солтан қожа аталған, Исабек ишанның немересі Мұхамедсолтан Нұрмұханбетұлының да зираты бар. Мұхамедсолтан Нұрмұханбетұлы 1896- 962 ж.ж. аралығында өмір сүрген. Жас күнінде Уфа қаласында діни білім алған. Ол дінге тыйым салынған кеңес дәуірі тұсында өмір сүргеніне қарамастан, имандылық жолында халыққа қызмет етіп, әділдігі, ақыл-парасаты, алдағыны болжай білген ерекше қасиетімен елге қадірі артқан тұлға болған. Бұл күні   «Ұлы дала тұлғалары»  тақырыбында өткен рухани-танымдық шараға  аймақ басшысы Болат Бақауов, облысымыздың құрметті азаматтары, белгілі өнер қайраткерлері, дін өкілдері қатысты.