Екібастұзда студенттер жатақханасы мен тұрғын үйлер жөнделеді
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Екібастұзда биыл 60 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Сонымен қатар аймақаралық оқу орталығы мен студенттерге арналған жатақхана реконструкциясы жоспарланған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкеновке сілтеме жасап.
«Пайдалануға беріліп қойған баспана көлемі 37 мың шаршы метрді құрап отыр. Бұл Екібастұзда бұрын болмаған көрсеткіш. Қазір 5 қабатты тұрғын үй тұрғызылып жатыр. Биыл 60 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі», - деді әкім.
Сонымен қатар, аймақаралық оқу орталығы мен студенттерге арналған жатақхана реконструкциясы жоспарланған.
«Қаладағы оқу орындарының басшылары студенттерге жатақхана қажет екендігін бұрыннан айтып келеді. Оқу орталығымен бірге 3 жатақхана және қонақ үй жөндеуден өтеді», - деді Қайрат Нүкенов.