Екібастұзда жаңа оқу орны ашылады

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа ғимарат қаланың қақ ортасында орналасқан. Оның құрылысы тоқтап қалған болатын. Алдағы уақытта ірі кәсіпорындардың есебінен құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Ал оқыту жұмыстары Польша елінің тәжірибесі негізінде жүргізіледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екібастұзда жаңа оқу орны ашылады

"Негізі, ол ғимараттың құрылысы 2008 жылы басталған. Бірақ артынан тоқтап қалды. Мен өзім ол кезде әкім болған жоқпын. Шыны керек, құрылысқа біраз ақша салынды. Енді, оны аяқтап, іске қосу қажет. Қазір құрылысты қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын. Барлығы мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Біздің жоспарымызға сәйкес, жаңа оқу орнында ауыл шаруашылығы бойынша мамандар даярланады", - деді Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов Астанадағы Қазақстан-Польша бизнес форумы аясында.

Әкімнің айтуынша, 8-9 қыркүйек күні Екібастұзға Польша елінің делегациясы келеді деген жоспар бар. Сол кезде оларға барлық ғимараттарды көрсетіп, алдағы жұмысты жан-жақты пысықтау жоспарланып отыр.

Бүгінде жаңа оқу орнының ғимаратын қалпына келтіруге 3,2 млрд теңге қажет. Аталған жұмыстарды жергілікті бюджет ірі кәсіпорындардың есебінен атқару жоспарланған. Ал Польша ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесімен бөліседі. Тіпті, қазақстандық мамандарды өз жерінде даярлап, оларға ай сайын стипендия төлейтін болады.