Екібастұзда жоғалған балықшылар табылды

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Павлодар облысында балық аулауға кеткен екібастұздық екі азамат қар құрсауында қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екібастұзда жоғалған балықшылар табылды

ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім еткендей, 15 қаңтар күні таңғы сағат 9:36-да Екібастұз қаласының «112» пультіне 13 қаңтар күні екі азамат балыққа кеткені туралы хабарлама түсті. 14 қаңтар сағат 14:00 шамасында ер азаматтардың бірі әйеліне қоңырау шалып, үйге қайта шыққаны туралы айтқан. Олар жолда боранға тап болып, 22:00 шамасында байланыс үзілген.

«Хабарламаны алған Екібастұз қалалық құтқару бөлімінің қызметшілері өтімділігі жоғары техникамен адамдарды іздеуге дереу аттанды. Анықталғандай, «ВАЗ-2106» көлігіне мінген екі балықшы Шідерті ауылынан 10 км жерде қар құрсауында қалған», - делінген ақпаратта.

Балықшылар іздеу жұмыстары басталғаннан кейін екі сағаттан соң табылды. Олардың жағдайы жақсы және медициналық қызмет қажет болмаған. Ер адамдар Шідерті ауылына эвакуацияланды.