Екібастұзда жоғалып кеткен бойжеткеннің денесі табылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – 34 жастағы Екібастұз тұрғыны өлі күйде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«15 қазанда полицияға Екібастұз тұрғыны қызының жоғалып кеткенін хабарлаған. Оның анасы бірнеше күн бұрын 34 жастағы Катерина Коковинаның «Nissan Qashqai» көлігімен шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Жоғалып кеткен қыздың қайда екенін анықтау үшін жергілікті полиция басқармасы іздеу салды. Оған полиция қызметкерлері мен еріктілер тартылды. Тәртіп сақшылары әр пәтерді аралап, жақын маңдағы дүкендерді шолып шықты, видеобақылау камераларын тексерді», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі журналистерге.
Полицейлер мен еріктілер жертөлелерді, құдықтарды, саяжайларды, үйлердің шатырларын, тастанды ғимараттарды тексеріп шықты. Жоғалған қыз туралы ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерге таратылды.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында келесі күні жоғалған адамның көлігінің қайда тұрғаны анықталды. Кеше жедел қызметкерлер 1992 жылғы Екібастұз тұрғынын қылмыс жасады деген күдікпен ұстады. Күдікті қаладағы ЖШС-лардың бірінде жұмыс істейді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - деп атап өтті тәртіп сақшылары.