Екібастұздағы өрт кезінде екі адам қаза тапты

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Екібастұзда болған өрттен анасы мен баласы мерт болды деген болжам бар, өрттің шығу себебі анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екібастұздағы өрт кезінде екі адам қаза тапты

«Бірінші қаңтар күні сағат 20:49-да Арқалық көшесі, 21-үйдегі 4-пәтер өртеніп жатыр деген хабарлама түсті. Өрт сөндіру кезінде екі мәйіт табылды. Олар осы мекенжайда тұратын анасы мен баласы болуы мүмкін. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр», - деді Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Мекемедегілер өрт болып жатқан жерге 3 техника жіберілгенін мәлімдеді. Өрт 22:51-де толық ауыздықталған.

«Анасы 82 жаста, ұлы 1975 жылы дүниеге келген», - дейді аймақтық ТЖД.

Департаменттегілер 2020 жыл басталғалы бері Екібастұздан бөлек, Железин ауданында да өрт салдарынан адам шығыны болғанын айтты.

«Сонымен қатар, 1 қаңтар күні бірінші қалалық ауруханаға газдан уланып қалған азаматша жатқызылды. Улануға пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған», - деп қорытындылады департаменттің баспасөз қызметі.