Екібастұздағы сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігі бұзылғаны анықталды
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Екібастұздағы сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігі талаптары тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Арнайы комиссия тексеру жүргізген нысандардың ешқайсысы талапқа сай емес екені анықталды.
«Бас прокуратураның тапсырмасымен төтенше жағдай басқармасында Екібастұздағы ірі сауда үйлерінде жоспардан тыс тексеру болды. Оған «Нұр Отан» партиясының өкілдері, депутаттар, журналистер де қатысты. 6 сауда орталығын тексеріп үлгердік. Бәрінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталды. Тексеріс қорытындылары бойынша олардың басшыларына жасалуы қажет жайттар туралы ұйғарым шығарылады», - дейді Екібастұз төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айдын Қажыбеков.
Сауда орталықтарындағы тексерістер алдағы екі аптада да жалғасын табады. Содан кейін олардың басшылары анықталған кемшіліктердің барлығын реттеуге міндеттеледі.