Екібастұздағы жағдай: Қала мектептері онлайннан қашан шығады
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласында жылыту жүйесіндегі ақауға байланысты онлайнға көшірілген білім беру мекемелері 13 ақпаннан штаттық режимде жұмыс істей бастайтыны жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Сапар барысында Р.Склярдың талабымен «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесин жұмысынан босатылды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Екібастұз ЖЭО-да болып, тәулік бойы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерді аралады. Бүгінгі таңда 5 қазандық агрегат және 11 желілік сорғы жұмыс істеп тұр. 5 қазандық пен 3 сорғы жөнделіп жатыр. Қазандықтар жылу өтетін жерлер жөнделіп жатқандықтан тоқтап тұр.


Желілерде 19 ақау тіркелді, оның ішінде 9-ы – магистральдық желілерде, 10-ы – квартал ішіндегі желілерде. 26 көпқабатты үйге бірнеше жылдан бері жылу қалыпты нормадан төмен беріліп келеді. Мәселені шешу үшін мамандар ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін, жеткізу желілерін тазалап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Екібастұз ЖЭО иесіне екі күн мерзімде қажетті бумен қамтамасыз ету бойынша Жол картасын әзірлеу, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын орындау үшін материалдар мен жабдықтарды жеткізуді жеделдету тапсырылды. Ал Екібастұз қаласының әкімдігіне үйлерді ыстық сумен қамтамасыз етуді бақылау мен оған мониторинг жүргізуді күшейту жүктелді.
«Екібастұз қаласында тарифтердің күрт өсуіне жол бермейміз. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жөндеу науқанын жүргіземіз», — деді Р. Скляр.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, үй ішіндегі жылу жүйесіне зақым келген 91 үйдің меншік иелеріне жылу энергиясы үшін төленетін сома бойынша 121,9 млн теңгеге қайта есептеу жүргізілді. Желтоқсан айында станция иесінің есебінен жалпы сомасы 241,8 млн теңгеге электр энергиясы үшін өтемақы төленді. Биылғы қаңтар айында Екібастұз тұрғындарының жылумен жабдықтау қызметтеріне төлейтін сомасының 70% шегерілді.

Бүгінгі таңда 152 пәтерде жөндеу жұмыстары аяқталды. 42 бригада жұмылдырылды. Барлығы 252 пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар Р. Скляр №7 және №11 жалпы орта білім беретін мектептерге барды. Жекелеген кабинеттерде ауа температурасы 16-17 градустан аспайды, жылумен қамтамасыз етуде іркілістер бар. 7 ақпаннан бастап Екібастұздың оқу орындары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды, балабақшаларда кезекші топтар ұйымдастырылды. 13 ақпаннан бастап білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істей бастайды деп жоспарлануда.
Еске салайық, Екібастұздағы барлық мектеп пен колледж 7 ақпаннан бастап қашықтан оқуға көшірілген болатын.
Қалада былтырғы жылдың 27 қарашасында болған апат салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын мәлім етті.
Сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз тұрғындарына жылу желісіндегі апаттың шығындарын мемлекет пен ЖЭО иесі бөліп төлесін деп тапсырма берді.
Фото: primeminister.kz