Екібастұздық 50 бала қысқы демалысын Түркістанда өткізеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысы Екібастұз қаласында тұратын 50 бала қысқы демалысын Түркістан облысындағы спорттық-сауықтыру кешенінде өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екібастұздық 50 бала қысқы демалысын Түркістанда өткізеді

Бүгін мектеп оқушылары мен оларға ілесіп келген азаматтар Түркістан өңіріне келіп жетті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Калыйма Жантореева және жауапты мекеме өкілдері оларды теміржол вокзалынан күтіп алды.

«Біздің өңірге таңдауы түскен 50 бала, олармен бірге келген 6 сүйемелдеуші және 1 дәрігер Төлеби ауданында орналасқан «Бәйшешек» демалыс аймағына орналастырылды. Жалпы 15 жасқа дейінгі мектеп оқушылары қамтылып отыр. Балалар 11 қаңтарға дейін жоспарға сай түрлі бағыттағы іс-шараларға қатысады. Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіне де саяхат жасау жоспарлануда. Партияның бұл бастамасы балақайларға ерекше серпін сыйлайтыны анық», - деді Алтынсары Үмбетәлиев.


Көтеріңкі көңіл-күйге ие болған мектеп оқушылары таулы аймақтың табиғатына тамсанып, ойын-сауыққа бірден кірісті. Ал 8-сынып оқушысы Әмина Керімқұлова Түркістандағы тарихи орындарға саяхат жасауға асық.

«Екібастұз қаласынан Түркістан облысындағы лагерьге келгеніме қуаныштымын. Өзімді жайлы сезіндім. Пойызда достарыммен бірге ойындар ойнап, әңгімелесіп, уақытымыз қызықты өтті. Басқа мектептің оқушыларымен де танысып, достасып кеттік. Түркістан - әртүрлі кесенелерімен, мұражайларымен танымал. Ата-әжеммен бірге бұған дейін келгенмін. Бірақ кішкентай болған соң есімде сақталмаған. Сондықтан қазір осындай мүмкіндік бергендеріне ризамын», - деді ол.


Сауықтыру лагеріндегі іс-шараларды үйлестіруге партияның аймақтық филиалы, облыс әкімдігі және оған қарасты білім, спорт, денсаулық сақтау басқармалары атсалысуда. Жалпы республика бойынша 1300 мектеп оқушысына шипажайлар мен спорттық-сауықтыру кешендеріне баруына жағдай жасалады.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

28 қараша күні қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Оқушылар онлайн оқуға көшірілді


Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестиция жеткіліксіздігі аталды.

7 желтоқсанда барлық көпқабатты үй жылуға қосылғаны мәлім болды.

8 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы жылу жүйесін қалпына келтіру 15 желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты. Осы күні қалада төтенше жағдай режимі алынды.

12 желтоқсанға дейін 4 жер үйден басқа тұрғын үйлердің барлығына жылу берілді.

Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын мәлім етті.