Екібастұздық оқушы қыз таэквондодан Әлем кубогінің чемпионы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусь астанасы Минск қаласында таэквондо ITF бойынша Әлем кубогі өтуде. Жарысқа 35 мемлекеттен 2000-ға жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды Екібастұз әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі.

Екібастұздық оқушы қыз  таэквондодан Әлем кубогінің чемпионы атанды

Қазақстан Республикасының намысын Павлодар облысының ИТФ Таэквондо федерациясының төрт спортшысы қорғады: Али Узханов, Рүстем Нұров, Гүлжамал Мырзахан, Алина Самбуева. Спортшылар - Екібастұз қаласы 1-БЖСМ-нің таэквон-до бөлімінің аға-жаттықтырушысы Азамат Шакиловтың тәрбиеленушілері.

Жарыстың қорытындысы бойынша Али Узханов 45 келі салмақ дәрежесінде 14-15 жастағы жасөспірімдер арасында күміс жүлдегер атанды. Ол №21 ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы. 7 жылдан бері спортпен шұғылданады. Бір ай бұрын Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болған.

Нуров Рустам 35 келі салмақ дәрежесінде кадеттер арасында жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Рустам №24 ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы. Таэквондомен 4 жылдан бері айналысады.

Алина Самбуева тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Жүлдегер Абай Құнанбаев атындағы №2 ЖОББМ-нің 5-сынып оқушысы. Спорттың бұл түрімен небәрі 3 жыл айналысады.

Сондай-ақ, Гүлжамал Мырзахан 2017 жылғы Әлем кубогінің чемпионы атағына ие болды. Өткен жылы ол бірінші орынды иемденген болатын. Гүлжамал Абай Құнанбаев атындағы №2 ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы. Спорттың бұл түрімен 1-сыныптан бастап айналысады.