Екібастұздық оқушы республикалық Мұқағали оқуларының жүлдегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұқағали ақынның туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты республикалық Мұқағали оқулары өтті.

Екібастұздық оқушы республикалық Мұқағали оқуларының жүлдегері атанды

«Ертіс» дарыны өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметінше, аталған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 30 оқушы бақ сынасқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Павлодар облысы Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 11-сынып оқушысы Нұржан Тәңірбергенов қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Нұржан Мұқағали оқуларына 5-сыныптан бері үзбей қатысып келеді. Осы оқу жылында облыстық Мұқағали оқуларының Бас жүлде иегері атанып, республикаға жолдама алған еді. Шарт бойынша, сайыскер алты бағытта сынға түсіп, өз мықтылығын дәлелдеуі қажет.Ақын өлеңдері мен поэмаларын жатқа білумен қатар өзі де ақынжанды екенін көрсетіп, жанынан өлең шығара білуі тиіс. Осылардың барлығын сәтті орындап шыққан ол жүлдеге лайық деп танылды», - деп жазылған хабарламада.

 Айта кетейік, оқушыны сайысқа дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі - Еркеш Ағыбаева.