Екібастұздық палуан екінші мәрте «Павлодар барысы» атанды

 АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұздық Арман Махамбетов 2018 жылғы «Павлодар барысы» атағына ие болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

Екібастұздық палуан екінші мәрте «Павлодар барысы» атанды

Қазақ күресінен өткен биылғы турнирге Лебяжі ауданынан басқа барлық аудандар мен қалалардан 27 палуан қатысты. 90 келіден жоғары салмақтағы палуандар белдесетін бәсекені жергілікті демеушілер қолдап, жүлде қоры бір миллион теңгені құрады. Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды екібастұздық Әділет Нұрпейсов иеленіп, 100 мың теңге олжалады. Ал, Павлодар қаласының үміткері Серік Сәлменов екінші орынға қол жеткізіп, 300 мың теңге сыйлықты иеленді. Кілем үстіне шыққан кілең мықтылармен төрт кездесу өткізген екібастұздық Арман Махамбетов бәсекедегі ең жеңіл 90 келі салмақтағы палуан бола тұра қарсыластарының барлығын жығып «Павлодар барысы» атанды.

«Менің қарсыласым - дзюдошы. Біз көптен бері күресіп келеміз. Оның салмағы ауыр. Бірақ одан айламды асыра білдім. Мен 2015 жылы «Павлодар барысы» атанғанмын. Кейін бірнеше жыл салмағым жетіспегендіктен қатыса алмадым. Биыл тағы да ұтып, өзімнің бұл атаққа лайық екенімді дәлелдедім. 2015 жылы «Қазақстан барысында» үш айналымнан өткен болатынмын. Биыл жеңіл салмақтағылар да жеңе алатынын дәлелдеп, жұрт назарын аудартпақпын»,- дейді Арман Махамбетов.
null

Жеңімпазға 500 мың теңгелік сертификатты облыс әкімі Болат Бақауов табыс етті.

Айта кетейік, маусым айында өтетін республикалық «Қазақстан барысы» бәсекесінде өңір намысын Серік Сәлменов пен Арман Махамбетов қорғайтын болады.