Екібастұздың Павлодар облысынан шығарылуы: Интернеттегі ақпаратқа әкімдік жауап берді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімдігі Екібастұз қаласының облыс аумағынан шығарылатыны туралы әлеуметтік желіде тарап, халық арасында қызу талқыланып жатқан ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Екібастұз қаласы Павлодар облысының қарамағынан шығып, Көкшетау қаласы шипажай аумағының орталығына айналады. Ақмола облысының дамуы үшін өндірісі мен инфрақұрылымы дамыған (автобан, теміржол, мемлекеттік органдарды орналастыру үшін ғимараттар, қызметкерлерге тұрғын үй) қала қажет. Сондықтан Екібастұз бұл талаптардың барлығына сай келетін қалалардың бірі ретінде қарастырылуда. Сондықтан баспана мен коммерциялық орынжай болса, сатып жіберуге асықпаңыз. Себебі, баға 30 пайызға дейін көтеріледі», - делінген WhatsАpp желісі арқылы тарап жатқан хабарламада.
Алайда, Павлодар облысының әкімдігі бұл ақпараттың жалған екендігін айтып, бейтаныс және күмәнді адамдардан келетін хабарламаларға сене бермеуге кеңес берді.
«WhatsАpp хабарламасындағы Екібастұздың бөлінуі туралы ақпараттың қисыны жоқ. Егер де бұл жағдай шынымен де солай болатын болса, әкімдіктер хабардар болуы тиіс. Павлодар облысынан Екібастұзды шығару бойынша ешбір жұмыс жүргізілген емес», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Байтенов.