Екібастұзға қарасты Бәйет ауылы тұрғындарының шағымы: мектеп тозған, мәдениет үйі тар
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұзға қарасты Бәйет ауылының мектебі тозған, мәдениет үйі талапқа сай емес. Ауыл тұрғындары өңірге жұмыс сапарымен барған Ұлттық экономика министріне шағымдарын жеткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктен мәлім еткендей, ауыл тұрғындары жергілікті мектептің жағдайына шағымданып, 1987 жылы іргесі қаланған оқу ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесуді сұрады. Бәйет ауылының жалпы орта білім беретін мектебіне соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген. Әлібек Қуантыров білім беру мекемесінің жағдайын жеке өзі тексеріп, мәселені бақылауға алуға уәде берді.


«Мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруды 2023 жылы бюджетті нақтылау кезінде қарастыруға болады», - деді ол.

Сондай-ақ, ауылдықтар жаңа мәдениет үйін салу қажеттілігін айтты. Олар қазіргі нысан ауқымды іс-шаралар өткізуге және ауыл тұрғындарының бос уақытын ұйымдастыруға жарамайтынын жеткізді. Есеп бойынша жобаның құны – 315 млн теңге болмақ.
Сонымен қатар, тұрғындар ұзындығы 2,5 км кентішілік жолдарды жөндеу және кірме жолға орташа жөндеу жүргізуді сұрады. Жобалардың жалпы құны – 156 млн теңге көлемінде есептелген.
Министр Бәйетті даму әлеуеті бар ауылдар тізбесіне енгізу туралы мәселе қарастырылып жатқанын атап өтті. Айтуынша, 2023 жылы Павлодар облысы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көшелерді, әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылым объектілерін күрделі және орташа жөндеуге 4,2 млрд теңге қарастырылған. Жобалар тізбесін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады.





Фото: .gov.kz