Екінші деңгейлі банктер Ұлттық қор қаржысының басым бөлігін қайтарды - «Самұрық-Қазына» қоры
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық банкі Ұлттық қор қаржысын толығымен қайтарды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Қор екінші деңгейлі банктердің капиталынан шығып жатқандығына тоқталған ол, «БТА Банк, Темірбанк және Альянс Банк жекешелендірілді. Қазіргі кезде соңғы құжаттар әзірленіп, қол қойылуда. Менің ойымша, бұл операциялар сәтті өтуде. Өйткені, жалпы экономикада мемлекеттік басқарудан гөрі жекеменшік басқару тиімді болып саналады», - деді.
Сонымен қатар ол дағдарыс кезінде екінші деңгейлі банктерге Ұлттық қордан бөлінген қаржының қайтарылуы мәселесіне тоқталды.
«Ұлттық қордан банктердің капиталына 332 млрд. теңге құйылды (БТА Банк, Темірбанк, Альянс Банк, Халық банкі және Казкоммерцбанк). Халық банкіндегі қаржы толығымен қайтарылды. Сонымен қатар жоғарыда аталған үш банктен қайтарылған қаржы 200 млрд. теңгеге жуық. Ал Казкоммерцбанкте тағы пакетіміз бар және осы пакетті сатқан кезде қайтарылады деп ойлаймын», - деді Ө. Шөкеев.