Екінші деңгейлі банктердің ішінде «Халыққа қызмет көрсетудің мобильді орталықтары» жұмыс істей бастады
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асыру және құжаттарды ресімдеуді жеңілдету мақсатында барлық екінші деңгейлі банктердің ішінде «Халыққа қызмет көрсетудің мобильді орталықтары» жұмыс істей бастады.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары Ғалия Жолдыбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, мобильді орталықтар 2009 жылғы наурыздың 18-інде Үкімет, Ұлттық банк және Қаржылық қадағалау агенттігінің экономикалық және қаржылық қызметтерді тұрақтандыру мақсатында 2009-2010 жылдарға бекіткен бағдарламасы негізінде ұйымдастырылды. Осыған сәйкес, Әділет министрлігі мен Қаржыгерлер қауымдастығы арасында бірлескен меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты ? екінші деңгейлі банктерде «Мобильді ХҚО-ларды» құру арқылы, шағын және орта бизнес пен ипотекалық несилерді қайта қаржыландыруға, студенттік және ипотекалық несиелерді беруге, сондай-ақ заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікті тіркеуге қатысты құжаттарды ресімдеу кезінде уақытты және қаржыны үнемдеу. Бүгінде республика бойынша ондай мобильді 90 орталық «Қазақстан Халық Банкі», «Казкоммерцбанк», «БТА Банк», «Альянс Банк», «Центр Кредит Банк», «Темірбанк», «Каспий банк», «Цесна», «Евразия», «АТФ», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», барлығы 11 банкте қызмет көрсетіп жатыр. Астанада олардың саны ? 11. Олардың мекен-жайлары Әділет министрлігінің ресми сайтында орналастырылған. «2009 жылғы сәуірдің 14-індегі жағдай бойынша мобильді орталықтар 6 399 өтініш қабылдап, заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікті тіркеуге қатысты 4 068 құжат берді. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына қатысатын халық пен шағын және орта бизнес субъектілеріне рәсімдерді іске асырудың қолайлы жағдайлары жасалды. Мобильді орталықтар тұрғын қоры бойынша жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу процедураларының мерзімін 5 күннен 3 күнге дейін, тұрғын емес қор объектілері үшін 15 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер кепілдік туралы келісім-шарттарды нотариалдық растаусыз қабылдай бастады», - деді ол.