Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты құжаттар цифрландырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты құжаттарды цифрландыру қолға алынады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты құжаттар цифрландырылады

«Қорғаныс министрлігінің жергілікті әскери басқару органдарында екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қызыл әскер қатарына шақырылған офицерлердің жеке істері, әскерге эшелондармен жөнелтілген командалардың атаулы тізімдері, қаза тапқандарға және хабарсыз кеткендерге арналған хабарландырулар сақталуда. Қорғаныс министрлігі аталған құжаттарды цифрландыруды 2023 жылы қолға алуды жоспарлап отыр», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау қағидаларына сәйкес архив қорлары архив ұйымдарында сақталады және оларды қоғамдық ұйымдарға уақытша пайдалануға беру қарастырылмаған. Дегенмен, Мәдениет және спорт министрлігі, архив ұйымдары бұл салада жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдармен заңнаманың аясында жұмыс жасауға дайын.

Сонмен қатар Мәдениет және спорт министрлігі Ресейдің Федералдық архив қызметімен бірлесіп, «Қазақстан екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында» атты құжаттар жинағын шығаруды жоспарлап отыр.

«Бұл жинаққа Ресейдің мемлекеттік архивтеріндегі Қазақстанға қатысты құпиясыздандырылған 400-ден астам архивтік құжаттар енгізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің жеке істері мен қызметтік тіркеу карточкаларын, сондай-ақ жоғары офицерлік құрам және Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдер туралы құжаттарды зерттеуде», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар екінші дүниежүзілік соғыс дәуіріне жататын құнды құжаттарды зерттеу және оларды ғылыми айналымға енгізу жұмысы «Архив − 2025» жобасының аясында жалғасатын болады.