Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздың сүйегі Оралда жерленді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан батысқазақстандық сарбаз Қали Дүзбаевтың сүйегі Орал қаласында жерленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайта жерлеу рәсімінде мәлім етілгеніндей, іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ленинград облысының Тосно ауданындағы батпақты даладан қазақстандық екі жауынгердің сүйегі табылған болатын.
Бір сарбаздың солдат медальонынан мүрде Дүзбаев Қалидікі екені белгілі болды. Екінші жауынгердің аты-жөнін анықтау мүмкін болмады.
Осылайша, Қали Дүзбаевтың сүйегі туған жеріне жеткізілді.
Оралдағы Жеңіс алаңында БҚО әкімдігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен барлық әскери құрмет пен діни дәстүрлерді сақтай отырып, қайта жерлеу рәсімі өткізілді.

Оған қатысқан қала әкімі Миржан Сатқановтың атап өткеніндей, мұны тарихи күн десе де, артық айтқандық емес.
«Жеңіс жолында жанын пида еткен Қали Дүзбаевтың сүйегі Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінде «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық бірлестігіне салтанатты түрде тапсырылып, Қорғаныс министрлігінің күшімен Орал қаласына жеткізіліп отыр. Жауынгер сүйегін іздеу жұмыстарына атсалысқан жандардың бәріне алғысымызды білдіреміз. Біз әрқашан ата-бабамыздың ерлік рухына тағзым етіп, Ұлы Жеңістің кейінгі ұрпақ үшін мән-маңызы айрықша екендігін естен шығармақ емеспіз, - деді Миржан Мұнайдарұлы.

Айта кетейік, Қали Дүзбаев 1902 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Мәліметтерге қарағанда, ардагердің жұбайы соғыстан кейін Қазақстанға оралып, Теректі ауданы, Социализм ауылында тұрған. Олардан 1939 жылғы Михаил есімді ұлы қалған деген дерек бар.
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл толды. Батыс Қазақстан облысынан майданға 76 мың жауынгер аттанып, олардың 36 мыңы ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты.
