«Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық ғылыми тарихнамасы әлі қалыптасқан жоқ» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Мамырдың 12-сі. /ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 12-сі, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

9 мамыр күні Ресей астанасы - Мәскеу қаласында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парад болып өтті. Қайсарлық пен ержүректіктің, батырлық пен батылдықтың ерен үлгісінің айғағы - Ұлы Жеңіс мерекесіне Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің арнайы шақыруымен өзге де бірқатар мемлекет басшыларының қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Бабалар аманатын арқалау - кейінгі ұрпақ еншісінде» атты мақала осы дабыралы іс-шараға кеңінен тоқталыпты. «Мәскеу төрінде өткен тарихи шерудің бір ерекшелігі оған тек Ресей қарулы күштері мен әскери­лері ғана емес, фашистік Герма­нияға қарсы соғысқан мемлекет­тер - Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Польша әскерилерінің, яғни антигитлерлік коалиция жауын­герлерінің қатысқандығы болды. 150-ден астам әскери тех­ника мен 127 тікұшақ пен ұшақ­тың Қызыл алаңнан жүріп, немесе үстінен ұшып өтуі, 11 мыңнан астам сарбаздың сап түзеуі де па­рад­тың тарихи мәнін аша түс­кен­дей. Осыншама ауқымды әскер мен техника бұрын-соңды ешқан­дай парадқа тартылмаған екен. Олар­дың арасында бабалар амана­тын арқалаған қазақтың жас жауынгер­лері де бар еді. Тарихи мәнге ие бұл шеруге еліміздің Қор­ғаныс министрлігінің Құрмет қарауылы ротасының 70 сарбазы қатысып, салтанатты сапта асқақ көрінді»,- дейді басылым.

Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақстандағы мәдениет күндері қылқалам, қолөнер шеберлерінің көрмелерімен айшықталып, екі елдің өнер иелері қатысуымен өткен достық рәуіштегі концерттік бағдарламамен басталды. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Алуан айшықты араб мәдениеті» атты мақаладан оқи аласыздар.

«Имамдар және имандылық» осы тақырыппен жарық көрген аталмыш басылымдағы келесі мақала Бас мүфти, шейх Әбсат­тар қажы Дербісәлі хазрет Ал­матыда Нұр-Мүбәрак универ­ситетін исламтану мамандығы бойынша биыл бітіретін тү­лек­терді қызметке бөлгендігін айтады. «2001 жылы 1 қыр­күйекте студент­терге есігін ашқан республи­­ка­дағы бір­ден-бір жоғары білімді дін мамандарын даярлайтын оқу орнында фиһқ (мұсылман заңы), ақида (діни сенім), қасиетті Құран ілімдері, ислам философиясы, араб тілі, араб мәдениеті тілін оқыту әдісте­ме­сі секілді т.б. пәндерден египеттік және қазақстандық профессорлар дәріс оқыды. Күні бүгінге дейін осы оқу орны еліміз өте мұқтаж 150 имам­ даярлап, қызметке аттандырды»,- деп жазды басылым.

***

Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлап жатқан тұста осы бір қаншама халыққа қырғын әкелген соғыстың құпиясы мен шындығы әлі толығымен ашылмай отыр. Кеңестік кезеңдегі көзқарастан арылып, тарихшылар жаңаша зерттеуге көшкелі де қаншама жыл. Содан бері не өзгерді? Әлем халқының әлі күнге тізесі дірілдейтін соғыстың ақиқаты қазір қалай, қай жерлерде айтылып жүр? Бұған дүниежүзі бүгінде қандай баға беріп, оның ішінде Қазақстан қалай зерттеп жүр? «Алаш айнасы» бүгінгі санында жоғарыдағы сауалдар төңірегенде тарих ғылымының докторы, профессор Гүлжауһар Көкебаева өз ойларын ортаға салыпты. Сұхбат «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық ғылыми тарихнамасы әлі қалыптасқан жоқ» деген тақырыппен берілген.

«Он үште отау иесі» деген қазақтың байырғы салты бүгінде жарамсыз десек, қателеседі екенбіз. Себебі бүгінде 16-ға толар-толмас бозбалалар әке болуға ертерек кірісіп, соның нәтижесінде елімізде отау құруға ынталылар жылдан-жылға жасарып баратқан көрінеді. Жуырда Шымкент қаласына қарасты Құрсай ауылында оныншы сыныпта отау құрған Нұрбақыт есімді бозбала жайлы толығырақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.

Бойындағы бар өнері мен қалтасындағы бар қаражатын салып ән жаздырып, клип түсіре тұра, оның қызығын өзі көрмей, «қарақшыларға» жем болып келген орындаушылардың ендігі жерде «оққағары» бар. Осы мәселенің соңына бұдан бес жыл бұрын шырақ алып түскен әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов «Демеу» атты продюсерлер мен орындаушылар одағының құрылғанын ресми түрде мәлім етті. Бұл туралы толығырақ аталған басылымның «Өркениет» бетінен орын алған «Демеу» әншілерге демеу бола ала ма?» деген мақаладан оқисыздар.

Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында ауылшаруашылығы мәселесі де қозғалады, атап айтқанда, «Мал басы көбеймей тұрып, инфрақұрылымдарды сала бастау дұрыс па?» деген сауал газеттің ой-көкпар айдарында талқыға түседі.

***

Кеше ел Президенті - «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесі Бюросының отырысын өткізді. Кездесуге партия Бюросының мүшелері, Президент Әкімшілігінің өкілдері, депутаттар мен Үкімет мүшелері қатысты. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Біздің партия жай бақылаушы емес, жүзеге асырушы саяси күшке айналуға тиіс!», деген Елбасының сөзімен беріліпті. «Отырыстың күн тәртібіне жалғыз мәселе - «Нұр Отанның» кезектен тыс XII съезінің шешімдерін Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында қойылған міндеттермен үйлесімде іске асыру барысын талқылау мәселесі шығарылған екен. Әйткенмен, Елбасы тақырыптың тар аясымен шектеліп қалмай, партияластарымен көптеген мәселелер бойынша пікір алмасты. Осында Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт көшбасшысы» атаған заңмен бекіту бастамасына қатысты өз ойын да ашық айтты»,-деп жазды басылым.

«Мәсімов Үкіметі қымбатшылыққа тойтарыс бермек». Осы тақырыппен берілген «Айқын» газетіндегі келесі мақала жағымды жаңалықты ортаға салыпты. Мақала «Билік барыс жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің 7% өсімін қамтамасыз етуге міндетті! Таяуда ғана Үкіметтің жиынында ол 2-3 пайыз жөнінде айтқан. Бірақ қазір Қазақ елінің «дағдарыстан кейінгі дамуға» ден қойып, Елбасы Жолдауында жария етілген өрлеуге бастағандығын жаһанға паш етудің қажеттілігі туындап отырған көрінеді. Сол себепті экономика мен өндіріске жауапты орталық органдар мен жергілікті басшылықтар «мұқият қарап, тағы қайда қандай өсім резервтері барлығын» табуға жұмылуға тиіс», деген Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың сөзін келтіре отырып, Қазақстан экономикасының биыл биік белесті бағындыруға әлеуеті жететіндігін жазыпты.

Сондай-ақ аталған басылымның «Ақ сөйле!» айдарында «Тарих қашанда адамның орнын анықтайды» деген тақырыппен генерал-майор Айтқали Есенғұловпен болған сұхбат жарық көріпті. Сұхбатта генерал Ұлы Отан соғысы туралы және басқада өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітеді.

«Еуропа және ТМД елдері Жеңістің 65 жылдығын тойлап жатқан сәтте Алматы қаласында «сойқан» атыс болып, оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, ауыр жараланған бір адам шұғыл жағдайда қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілді»,-деп жазды «Айқын» газетінің бүгінгі саны. Бізге жетпегені осы еді. Егжей-тегжейін газеттегі «Алматыдағы атыс» атты мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар