Екінші жартыжылдықта экономика өсімі үшін нақты қадамдар қабылдау қажет - Е. Досаев

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Сыртқы сұраныстың қысқаруы жағдайында әлемдік экономикадағы ахуалды нақты бағалай отырып,

Екінші жартыжылдықта экономика өсімі үшін нақты қадамдар қабылдау қажет - Е. Досаев

екінші жартыжылдықта экономиканың жетістікті жұмыс істеуі үшін және дағдарыс үдерістеріне қарсы тұру үшін нақты қадамдар қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Министр бұл ретте Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары бар екеніне тоқтала келе, қазірдің өзінде макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға, ішкі сұранысты ынталандыруға, экономиканың нақты секторын қолдауға және елде жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге бағытталған кейбір шараларды іске асыруды бастау қажеттігін атап өтті.

«Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру, оқыту және еңбекке орналастыруға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша дағдарысқа қарсы сипаттағы көптеген іс шаралар қайта қабылданған «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы бағдарламасына енді. Бюджетті нақтылау кезінде жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға 2013 жылы қосымша 30,1 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге 20 млрд. теңге, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құруға 4 млрд. теңге, еңбекке орналастыруға жәрдемдесуге кәсіпкерлік негіздерін оқыту арқылы және жұмыс берушінің қажеттіліктері шеңберінде қоныс аударуға 3,7 млрд. теңге бөлінді. Тұтастай алғанда Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға 2013 жылы 104,9 млрд. теңге көзделген. Біздің есептеуіміз бойынша бағдарламаны іске асыру 2013 жылы ЖІӨ-нің өсуіне 0,3 пайыздық тармақ шамасында қосымша үлес қоса алады», - деді министр.