Екінші жартыжылдықта елімізде құны шамамен 600 млрд. теңгені құрайтын 129 жоба іске қосылмақ

ТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында елімізде құны шамамен 600 млрд. теңгені құрайтын 129 жоба іске қосылмақ.

Екінші жартыжылдықта елімізде құны шамамен 600 млрд. теңгені құрайтын 129 жоба іске қосылмақ

Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында шамамен 600 млрд. теңге сомаға 129 жобаны іске қосу жоспарланып отыр», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бірінші жартыжылдықта жалпы құны 114,9 млрд. теңгеден астам 75 жоба іске қосылып, 4 мыңнан астам уақытша және 6 мың тұрақты жұмыс орны қамтамасыз етілген. Алғашқы жартыжылдықта жүзеге асырылған ірі жобалар қатарында «Еуразиялық энергетикалық корпорация» компаниясының Ақсу ГРЭС №2 блогын қалпына келтіру, «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» компаниясының теңіз металл конструкцияларын өндіру бойынша өнеркәсіптік кешені, «Алтыналмас» АҚ компаниясының Ақбақай алтын өндіру фабрикасы бар.