ЕҚҚДБ Қазақстанға ЖИ реттеу және киберқауіпсіздік саласында қолдау көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо жасанды интеллектіні дамытуда киберқауіпсіздік, деректерді қорғау және тиімді мемлекеттік басқару басты басымдыққа айналғанын мәлімдеді. Банк Қазақстанға ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапкершілікпен енгізуге қажетті құқықтық тетіктерді әзірлеу мен халықаралық стандарттарды енгізу бағытында қолдау көрсетуге дайын. 

Одиль Рено-Бассо
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, жасанды интеллектіні енгізу қарқыны күшейген сайын, цифрлық трансформацияны жауапкершілікпен жүргізу мен тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету ұлттық басымдыққа айналып отыр.

— Еуропалық қайта құру және даму банкі бұл үдеріске қолдау көрсетіп, мемлекеттік органдарға инновацияларды дамытуға, қауіпсіздікті, ашықтықты және бәсекеге қабілетті қатар қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді әзірлеуге көмектеседі. Сонымен бірге, банк өз жобаларына, бағалау рәсімдеріне және консультациялық қызметіне киберқауіпсіздік пен ЖИ-ді басқарудың халықаралық стандарттарын енгізіп келеді, — деді Одиль Рено-Бассо ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысында.

Бұдан бөлек, ЕҚҚДБ серіктестерінің цифрландыру дәуірінің жаңа талаптарына бейімделуіне көмектесу үшін оқыту бағдарламаларын ұйымдастыруға және консультациялық қолдау көрсетуге дайын.

Бұл банк қолдайтын ЖИ жобаларының тиімді басқару тетіктерімен, сенімді деректерді қорғау жүйесімен, киберқауіпсіздіктің заманауи құралдарымен және пәрменді бақылау механизмдерімен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін.

Бұған дейін Одиль Рено-Бассо Қазақстанның цифрлық даму тәжірибесі ЕҚҚДБ стратегиясымен үндесетінін айтқан еді.

Сондай-ақ ЕҚҚДБ Қазақстандағы деректерді өңдеу орталықтарына инвестиция салуды жоспарлап отыр.