ЕҚҚДБ Көкшетауда 630 орындық аурухана салуға қаржы бөледі
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропадағы қайта құру және даму банкі Көкшетауда 630 орындық аурухана салуға 105 млн еуро тікелей қарыз бөледі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо айтты.
«Қазақстан бірқатар салада едәуір жақсы көрсеткішке қол жетізіп отыр. Оның ішінде инвестициялық саясат бар. Сонымен қатар Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы инфрақұрылым жасап жатыр. Бюрократиялық әртүрлі кедергіні де қысқарта түсіп, заңнамасын қайта қарастыруда. Бұл кеңес инвесторларға көмектесу үшін құрылған болатын. Оның нақты қадамдарын да көріп отырмыз. Мәселен, мұнай өндірумен байланысты емес экономика үлесі 75 пайыздан 84 пайызға дейін артты. Мұны мойындаған Moody’s Қазақстанның рейтингін өткен айда 1 тармаққа көтерді», — деді ол.
Оның атап өтуінше, еліміз 2029 жылға дейін және одан кейін экономиканы мақсатты түрде өсуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытып, жекешелендіру және қолайлы нормативтік-құқықтық орта құруы арқылы жеке сектордың экономикаға қатысуын кеңейтуі қажет.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік Үкіметпен жұмысымыздағы негізгі бағыттың бірі. Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы бірінші мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына қол қойылатындығын хабарлайтындығыма қуаныштымын. Жоба аясында Көкшетауда 630 орындық аурухана салу көзделіп отыр. Еуропалық қайта құру және даму банкі 105 млн еуро тікелей қарызды қоса алғанда 365 млн еуро көлемінде қаржыландыруды ұйымдастырды», — деді Одиль Рено-Бассо.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысы басталғанын жазған едік.