Еуропа банкі жаңа трамвайлар сатып алуға 5 млрд теңге бөледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Еуропа қайта құру және даму банкі Павлодар қаласына трамвайлар сатып алуға 5 млрд теңге қаражат бөлетін болды. Жаңа вагондар автономды жүру мүмкіндігіне ие.
Павлодар облысының әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында трамвай желісін жаңғырту жөніндегі жобаны қолдау туралы келісім-шартқа, сондай-ақ «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ мен ЕҚДБ арасында несиелік келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап жергілікті мемлекеттік органдар трамвай желісін жаңғыртуды қаржыландыру мәселесін пысықтады. Барлық шартты зерделеп, ЕҚДБ арқылы несие алу туралы шешім қабылданды.
Банк 25 жаңа трамвай сатып алу үшін 5 млрд теңге қаражат бөледі. Вагондарды жеткізушілерге қойылатын міндетті шарт – экология, қауіпсіздік және энергия үнемдеудің үздік салалық стандарттарына сәйкес болуы, сондай-ақ вагондардың 20 км-ге дейін автономды жүру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Бұл жолаушы тасымалының сапасын едәуір арттырып, қозғалыс аралығын қысқартуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Теміртауда сынақ режимінде трамвай іске қосылды.