Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған атыраулық боздақтың сүйегі туған жеріне жерленді

солдат
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, оралмаған боздақтың бірі — Қисым Әдиев. Оның сүйегі Атырау қаласындағы «Ноғай» зиратына жерленді. 

Соғыс даласынан оралмаған Қисым Әдиев 1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен. Оның сүйегін «Феникс» жасағының іздеушілері Ресейдегі Смоленск облысы, Темнин ауданындағы Батюшково ауылының маңынан тапқан.

солдат
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұлы Сембай Қисымовтың айтуынша, әкесі 1911 жылы туған. Ол соғысқа кеткенде артында әйелі мен ұлы қалған. 

«Әкем соғысқа аттанғанда, мен екі жаста болыппын. Өкінішке қарай, әкем соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кетті. Оның бір дерегі шығар деп, күтіп жүр едім. Менің әкемді іздеушілер медальоны арқылы анықтаған. Әкемнің сүйегін еліміздің әуе қорғанысы күштері арнайы әскери-көлік ұшағымен жеткізді. Бүгін әкемнің сүйегін кіндік қаны тамған өңірде жер қойнына тапсырдық. Әскерилер маған әкемнің каскасы мен медалін тапсырды. Бұлар — әкемнен қалған құнды жәдігерлер. Оны отбасымыздың төрінде сақтаймыз», - дейді ұлы Сембай Қисымов. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға майданда қаза тапқан жауынгердің сүйегі жеткізілгені хабарланған еді

Соңғы жаңалықтар