ЭКО көмегімен Қазақстанда 28 мың сәби дүниеге келді
«Қазақстан Республикасында экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасы қолға алынғанына 27 жыл болды. Осы кезеңде 100 мыңнан астам ана көмекке жүгініп, 28 500 бала дүниеге келді», - деп жазылған министрліктің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында.
Ведомствоның мәліметі бойынша, әлемде ЭКҰ арқылы дүние есігін ашқан адамның саны 10 миллионнан асып отыр.
«ЭКҰ арқылы дүниеге келген балалардың денсаулық жағдайының табиғи жолмен құрсаққа біткен балалардың денсаулығынан айырмашылығы жоқ. Баланың денсаулығына ата-анасынан берілетін тұқым қуалайтын қасиеттер, ананың жүктілік және босану кезіндегі күйі әсер етеді», - деп жазылған жауапта.
Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда 2021 жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырып, «ЭКО» бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту міндетін қойған еді.