Эколог Орынбасар Тоғжанов: Бозжырада жабайы туризм белең алып барады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Экология саласының белгілі маманы Орынбасар Тоғжанов 18 жылдан бері өлкенің экологиялық жағдайын жақсарту, сондай-ақ экотуризмді ұйымдастыру мәселесімен айналысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысының Бейнеу және Қарақия аудандарының Құрметті азаматы біраз уақыттан бері Бозжыра аңғарында жабайы туризм белең алып, реттелмеген көлік ағыны жануарлардың тынышын бұзып жатқанына алаңдаушылық білдіріп келеді.

«Бозжыраға келушілер саны жыл сайын еселеп артуда. Алайда қаражат тапшылығынан туристік қызметті талапқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік болмай, Бозжыра аңғарына Үстірт шыңының үсті және асты арқылы андыздап келетін ондаған борпылдақ дала жолдары пайда болды. Олармен бірнеше автокөлік әр жолмен қапталдаса, жүйткіген кездегі алапат ақ тозаң көтеріледі. Ал адамның қысастығынан жөңкіле қашқан арқар, қарақұйрық, т.б. аңдардың көрінісі жүрек сыздатады. «Жабайы туризмді» тәртіпке салып, «экологиялық туризмге» айналдырмаса, андыздаған жол, андағайлаған автокөлік ағыны жанды және жансыз табиғаттың түбіне жететіні анық»,- деп қынжылады табиғат жанашыры.

Сарапшы маман инвестор компанияларды алыс-жақыннан келген туристерді қабылдайтын бір қабатты қонақүйді Бозжыра найзашыңдары түбінен салу жөніндегі ұсынысына қарсы болып, өз уәжін талай басқосуларда білдірген.

«Сонымен қатар бірқатар азаматтар ұсынғандай туристік қабылдау орнын 10-50 км қашықтан салудың тиімсіздігіне де көз жеткіздік. Себебі алыстағы туристік қабылдау орнында тұрып, сан-сапат дала жолымен туристердің қандай көлікпен, қай жақтан келгенін, қалай жүргенін, не жасап жатқанын, т.б. әрекеттерін бақылау, реттеу мүмкін болмайтынын түсіндік. Сондықтан шағын қонақүй, визит-орталығы бар туристік нысандар бірнеше шақырымдағы аңғар мен найзашыңдар түгел көрінетін төбе үстінде орналасуы қажет. Онда мәдени туризмді ұйымдастыру үшін міндетті түрде қонақүй, автотұрақ, келушілердің түрлі қажеттерін өтейтін орындар, пайдаланатын ат, түйе, т.б. «экокөліктер» мен әуе шарларын сақтайтын және қызметшілер мен гидтерге ыстық-суықта паналайтын баспана болуы керек. Егер мұндай орын тым қашықта болса, Ақтаудан екі-үш сағатта жетіп баратын теп-тегіс жолда көпшілік оған тоқтамай-ақ, бірден Бозжыраға тартары сөзсіз»,- дейді О.Тоғжанов.

Жол мәселесін айта келе, маман Бозжыра аумағында автоқозғалысқа шектеулер қою қажеттігін түсіндірді.

Оның айтуынша, Бекет атаға 15 шақырымдай жетпей «Ата жолынан» бұрылып, шың үстіндегі Бозжыра панорамалық алаңқайына баратын, ұзындығы небәрі 10 шақырым жолға қатқыл табан төсеу қажет. Бозжыра алқабын толық бақылауда ұстап, оның экологиялық және рекреациялық сыйымдылығын ескере отырып, туристерді арнаулы соқпақпен жаяу немесе ат, түйе, т.б. «экологиялық таза» көлікпен қозғалуға, ауа шарларымен көтерілуге, биік мұнараларға шығуға ғана рұқсат беруге болады.

Тоғжановтың пікірінше, жайылымы мол Бозжыра шатқалдарының жақын қолайлы жерінен аң ішетін су көзін жасаса, туристер Бекет ата басындағыдай адамға үйренген аңдарды да тамашалай алады.


Соңғы жаңалықтар