Эколог Семей орманындағы өрт туралы: проблема шенеуніктердің бейжайлығында
АСТАНА. ҚазАқпарат – Эколог Лаура Мәлікова Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Семей резерватындағы өртке қатысты сала маманы ретінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
«Семей орманы мен басқа да ормандар мемлекеттік қорғауындағы ерекше аумақтар. Ормандарда ағаштар отырғызу, күтіп-баптау және өрттен сақтау – орманшылардың міндеті. Орман саласында тілсіз жаудың алдын алуға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Айта кету керек, 30 жылдың ішінде мұндай төтенше жағдай болған жоқ. Демек, бұл мәселе жүйеде емес, мәселе – Экология министрлігінде отырған кадрларда. Олар өз саласын білмейді және жауапкершілік алғысы келмейді», - деді Лаура Мәлікова тікелей эфир барысында.
Сондай-ақ, қоршаған орта жанашыры орман өртімен күресте жауапты шенеуніктердің бей-жайлығын сынға алды.
«БҚО-да 2018 жылдары ормандарда болуы мүмкін өрттің қаупін дрондардың көмегімен анықтау қолға алынған. Бірақ аталған жоба мемлекеттік деңгейде әлі жүйеленген жоқ. Былтыр Қостанай облысындағы өрттен кейін орман ішіне ауа температурасын өлшейтін құрылғы орнату туралы ұсыныс бердік. Сол құрылғының көмегімен болуы мүмкін өрттің алдын алуға болады. Оны орманшылар да айтқан. Бұл жерде проблема шенеуніктердің бей-жайлығы, өз міндеттерін орындамауы», - дейді ол.