Экология министрі елдегі ең көп экологиялық айыппұл салынған компанияларды атады
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжілісте елдегі ең көп экологиялық айыппұл салынған компанияларды атады.
«Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында инспекциялық қызмет 2023 жылы 652 тексеріс жүргізді. Соның қорытындысы бойынша 1 679 заң бұзу фактісі анықталып, оларды жою туралы 628 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 322,9 млрд теңгеге 2 138 әкімшілік айыппұл салынды. Оның 11,3 млрд теңге мөлшеріндегі 1 834 әкімшілік айыппұлы өндірілді. Қалған айыппұлдарды өндіру жұмыстары жалғасуда», - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, биылғы 9 айда 761 тексеріс жүргізіліп, 2 045 заң бұзу фактісі белгілі болған.
«Жалпы сомасы 80,8 млрд теңгеге 1 670 айыппұл салынды», - деді ол.
Министр ең көп айыппұл салынған компанияларды да атады. Олар:
- «Каспий мұнай» компаниясы – 13,6 млрд теңге;
- «НКОК» компаниясы – 12,4 млрд теңге;
- «Karabatan Utility Solutions» компаниясы – (Карабатан Ютилити Солюшнз) 7,2 млрд теңге;
- «Теңізшевройл» компаниясы – 2,8 млрд теңге