Экология министрі қоқыс полигондарына қойылатын талаптарды жеңілдетуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжілісте өтіп жатқан қоршаған ортаны қорғау туралы дөңгелек үстелде қоқыс полигондарына қойылатын экологиялық талаптарды жеңілдетуді ұсынды.

Ерлан Нысанбаев
Фото: Солтан Жексенбков / Kazinform

«Бүгінгі таңда республика бойынша 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың 619-ның (21%) тиісті жобалық және рұқсат беру құжаттары бар. Полигондардың және қоқыс орындарының көпшілігі асыра толтырылған және қалпына келтіруді қажет етеді. Экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келетін полигондардың ең аз үлесі Павлодар, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарында», - деді Ерлан Нысанбаев.

Министр аталған полигондарды заңдастыру айтарлықтай қаражатты талап ететінін айтады.

«Осыған байланысты, министрлік қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына қойылатын экологиялық талаптарды бір реттік оңайлату тетігін әзірледі. Бұл механизм әкімдіктерге қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыруға және мемлекеттік бюджетке артық жүктеме түсірмеуге, аумақтардың ағымдағы санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Министрлік Экология кодексіне аталған бағытта тиісті түзетулер жобасын сіздерге ұсынады», - деді ведомство басшысы.

Осыған дейін министрдің қоршаған ортаны қорғау жоспарын орындамаған әкімдерді заңмен жазалауды ұсынғанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар