Экология министрі егіс алқаптары сумен қалай қамтамасыз етіліп жатқанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экология министрі егіс алқаптары сумен қалай қамтамасыз етіліп жатқанын айтты
Кейінгі жылдары суармалы егіншілігі дамыған еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Министрлік биылғы вегетациялық кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстарын бастады. 2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді. Оның аясында қазір келесі бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылып жатыр. Біріншіден, фермерлерді сумен және жоғарғы ағыста орналасқан су қоймаларынан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен тиісті келіссөздер іске асырылып отыр. Екіншіден, гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр

, - деді З. Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, қазір суару жүйесінің магистралдық және шаруашылық каналдарын тазалау жұмыстары қамтылған. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізу қарастырылған.

Бірінші бағыт бойынша, 10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы қомиссиясының 84-ші отырысы аясында Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді. Соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 млрд текше метрді құрауы тиіс. «Достық» каналы бойынша 920 млн текше метр көлемінде су беру жоспарланған. Қазіргі кезде жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмай жатыр. Бұл ретте министрлік бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша серіктестермен тиісті жұмысты жалғастырып отыр

, - деді министр.

Сонымен қатар 22 маусымда Қазақстан - Тәжікстан - Өзбекстан үш жақты форматында биылғы маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимінің кестесі бекітілді. Оның аясында «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне қосымша 490,8 млн текше метр су келеді деп қарастырылған.

Шу және Талас өзендерінің бассейндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектілерінің су беру кестелері бекітілді. Мәселен, 2023 жылдың вегетациялық кезеңінде Шу өзені бойынша жалпы келетін судың көлемі 153,95 млн текше метр болса, Талас өзені бойынша - 178,42 млн текше метр

, - деді ведомство басшысы.