Экология министрі Каспий теңізінің тартылуы жайында пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Каспий теңізінің тартылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, қоршаған орта мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты министрліктің өз жоспары бар.

Дегенмен министр мойындағандай, аталған бағыттағы мәселелер кешенді әрі күрделі.

«Жақында Каспий теңізінің тартылуы туралы бейнежазба шықты. Өткен жылы қарашада Жайық өзенінің теңізге құятын тұсын көріп, тартылу барысына өзім куә болдым. Сондықтан бұл мәселе бойынша алда өте үлкен міндет тұр», - деді Зүлфия Сүлейменова Jibek Joly телеарнасының эфирінде.

Одан бөлек, ведомство басшысы экологиялық жағдайды тұрақтандыру, экожүйе деградациясын тежеу, ауа сапасын жақсарту, қатты тұрмыстық және коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесіне қатысты ауқымды істің күтіп тұрғанын жеткізді.

«Жоғарыда аталған міндеттер бұған дейін де болды. Десек те мәселені шешу жолын жаңаша әрі инновациялық тұрғыдан жандандыратын боламыз»,- деп толықтырды З. Сүлейменова.

Бұған дейін министр елімізде эко-мәдениетті дамыту жоспарын бөліскен еді.

Одан бөлек, эфир барысында Қазақстанда атом электр стансасын салуда қоғам пікірі ескерілетіні айтылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram