Экология министрлігі өртке қарсы 765 техниканы лизингке алмақшы
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы арқылы лизингке өртке қарсы неше техника алатынын мәлім етті.
«ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының 2024 жылғы 24 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес министрліктің табиғат қорғау мекемелерінің орман өртін сөндіру станциялары үшін «Жасыл Даму» АҚ арқылы лизингке алу мәселесі пысықталды: 130 өрт сөндіру машинасы, 117 шағын орман өрт кешені, 52 трактор 71 патрульдік автокөлікті және 395 бірлік өртке қарсы жабдықты (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер және басқалар) сатып алу жоспарланып отыр. Бұл табиғат қорғау мекемелерінің жарақтандырылуын 76%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - делінген ресми жауапта.
Биыл жергілікті әкімдіктер де орман шаруашылықтарына ондаған техника сатып алып беруге оқталып отыр.
«Жергілікті атқарушы органдар осы жылы жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге 13 өрт сөндіру машинасын, 22 шағын орман өрті кешенін, 61 тракторды, 23 патрульдік машинаны және 1 жүк-жолаушы автокөлігін, 13 бірлік жабдық пен мүкәммалды, сондай-ақ 105 радиостанцияны сатып алуды жоспарлап отыр», - деп жазылған министрлік мәліметінде.