Экология министрлігі Семей орманы резерватын қалпына келтіруді бастады

Биыл маусымда Семей орманы резерватында болған алапат өрттен кейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі орманды қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Kazinform.

өрт
Фото: t.me/baspasozpvl

«Орман өртінің салдарын жою және оны қалпына келтіру жұмыстары және орман алқаптарын тазарту үшін санитарлық шара өткізіледі. Семей орманын қалпына келтіру ісін тікелей резерват жүзеге асырады. Бүгінде Семей орманы резерватында болған өрттің салдарын қалпына келтіру бойынша жол картасы әзірленіп, жұмыс басталды», - делінген Экология министрлігінің Kazinform сауалына берген жауабында.

Ресми ақпаратта айтылғандай, биыл өрт салдарынан ірі көлемде залал келген учаскелерде (Бородулиха, Семей, Новошульба) орманды қалпына келтіру іс-шаралары қарастырылған.

«Жол картасы аясында зақымдалған және өрттен қалған қалдықтар бойынша патологиялық тексерулер жүргізіледі. Өртенген ағаштардың орнын қалпына келтіру жұмыстарының жобасын әзірлеу, жаңадан отырғызылатын ағаш түптерін дайындау және оның кеңейту шаралары өткізіледі», - деп түсіндірді министрліктен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Экология министрлігі орманшыларды қайта оқытпақ.