Экология министрлігінің бірқатар қызметкері тергеліп жатыр — Антикор

Антикор спорт саласындағы жемқорлық мәселесін тексереді
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатыр. 

Бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет растады.

«Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл департаменті Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын растаймыз» делінген Антикор таратқан мәлімдемеде.

Тергеу жалғасып жатыр. 

ҚР ҚПК 201-бабы бойынша өзге ақпарат жарияланбайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Экология министрлігінің Дубайда өткен көрмеге қатысуы кезінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, лауазымды тұлғалар ұсталғаны жайлы инсайдерлік хабар тараған еді.  

Экология және табиғи ресурстар министрлігінен хабарлағандай, ведомство БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясын өткізуге жұмсалған шығынға қатысты ішкі аудит жүргізген.

Оның нәтижесі қамтылған материалдар Антикорға жолданған. 

«Осыған байланысты 5 ақпанда Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің жедел тергеу тобы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаевтың қызметтік үй-жайындағы құжаттарды тәркіледі» дейді министрліктен.

Вице-министр қазір жұмыста жоқ. 

Соңғы жаңалықтар