Экология министрлігі Ертіс өзеніндегі су босатуға байланысты тәуекелдерге назар аударуы керек – депутат Әшімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ертіс өзеніне қатысты су босатуға байланысты тәуекелдерге баса назар аударуы тиіс. Өйткені, өзен жайылмасына судың баруы азайса, оның экологиялық салдарымен қоса елді мекендерге де қауіп төндіреді. Экология ведомство басшысы Зүлфия Сүлейменованың атына жолдаған сауалында Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экология министрлігі Ертіс өзеніндегі су босатуға байланысты тәуекелдерге назар аударуы керек – депутат Әшімбетов

Депутаттың айтуынша, салааралық комиссияның шешіміне сәйкес, қазіргі күні Ертіс өзенінің жайылмасына су босату кезеңіне қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, комиссия 16 сәуірден бастап 22 күнге созылатын су босату кестесін де бекіткен.

«Қазір Ульба және Уба өзендерінің бүйірлік ағындарындағы су көлемінің азайғаны байқалады. Соның салдарынан 20 сәуірден бастап төрт тәулік бойы суды босату көлемі сағатына 500 текше метрге дейін судың азайып, босату көлемінің кестеден ауытқығаны белгілі болған. Ал Ертіс бассейіндік инспекцияның ақпараты бойынша 20 сәуірден бастап навигациялық кезеңнің басталуына орай Бұқтырма қоймасынан су босату орташа есеппен сағатына 500-ден 380 текше метрге дейін азайған. Көп жылғы талдау көрсеткеніндей, су босатудың биылғы жоспарланған көлемі бойынша, жайылманың жалпы ауданының 65-70 пайызына ғана су барады. Алайда осы жоспарланған су босатудан ауытқуы Ертіс өзенінің жайылмасына судың баруын төмендетіп, ол экосистеманың нашарлауына және шабындық өнімдерінің азаюына әкеп соғады», - дейді депутат Әшімбетов.

Сонымен қатар, ол су босатуды дұрыс деңгейде ұстап тұру арқылы Павлодар облысының жайылымдарына судың баруын қалыптандыру мәселесін алға тартты.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі су босату мәселесіне байланысты тәуекелдерді назарға алса екен. Өйткені, сарапшылардың талдауына сәйкес, су босатуды күрт төмендету Ертіс өзенінің арнасындағы жағалаулардың құлауына әкеп соғады. Әрі өзен бойындағы елді мекендерге де қауіп төндіреді. Бұдан бөлек, осы өлкедегі ұсақ зиянкестермен күресте де су босату шаруасына маңыз беру аса қажет. Бұл ретте зиянкестермен күрес нәтижелі болуы үшін судың өзен арнасына кіру мерзімі де 15 мамырдан кешікпеуі тиіс», - дейді ол.