Экология министрлігі Кіші Талдыкөл тағдырына қатысты: Қосымша зерттеу жүргізу қажет

«Талдыкөл - су объектісі. Елорда әкімдігі өз құзыреті аясында аталған су қорын елді мекендік жер санатына ауыстыру туралы қаулы шығарды. Су қоры жерлерін басқа санатқа ауыстыру ол табиғи және жасанды түрде жойылған жағдайда, сондай-ақ ондағы су көлемі азайған кезде ауыстырылады. Осы орайда Кіші Талдыкөлдің қанша бөлігі табиғи себеппен жоғалды және маңында жүріп жатқан құрылыс салдарынан көлдің көлемі қаншалықты кішірейгенін зерттеу қажет», - деп түсіндірді аталған ведомостводан.
Министрліктің ресми хабарына сүйенсек, алдымен көлге қатысты қосымша зерттеулер жүргізіп, оның нәтижесіне қарай түпкілікті шешім қабылдау қажет.
«Министрліктің ұстанымы - Кіші Талдыкөл су объектісі ретінде қалдырылсын. Осы ретте көлге қаладан келетін жауын-шашын және түрлі су қалдығы ағынының азайғаны байқалады. Көлді қосымша сумен толтырып, оның тіршілігін қайта жандандыруға қатысты шаралар қабылдау қажет», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, жақында елорда әкімдігі аталған көлдің тағдырына қатысты өз ұстанымын алға тартты.
Сондай-ақ, жуырда Кіші Талдыкөлге бір топ қоқиқаз ұшып келді. Осыған байланысты аталған мекен аз уақыттың ішінде елорда тұрғындары мен қала қонақтарының туристік және демалыс орнына айналып үлгерді.