Экология министрлігі су ресурстарын басқарудағы негізгі проблемаларды атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғылым су ресурстарын басқару жүйесінен сыртта қалды. Бұл туралы Су ресурстары комитеті су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Иманалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экология министрлігі су ресурстарын басқарудағы негізгі проблемаларды атады

М. Иманалиев жаңа Су кодексінде бірқатар негізгі проблемаларды шешу жолдары ұсынылатынын айтты.

«Ең алдымен, су ресурстарын басқару қызметін мемлекеттік-ақпараттық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі бар. Бұрын жүргізілген қайта құруларға байланысты су ресурстарын есепке алу, талдау, жағдайдың дамуын болжау, суды пайдалануды бақылау сияқты мәселелер басқару жүйесінен шығып, назарсыз қалған. Осылайша нақты есепке алу мен талдаудың болмауы экономика салаларының, халықтың қажеттіліктеріне және су ресурстарының тапшылығына суды тұтынудың дұрыс балансын құруға мүмкіндік бермейді», - деді Марат Иманалиев Су кодексі жобасын қоғамдық талқылауда.

Спикердің айтуынша, бұл мәселені заңнамалық тұрғыда мемлекеттік органдардың су ресурстарын есепке алу және мониторингілеу құзыретін нақты айқындау жолымен, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы шешу ұсынылады.

Одан бөлек, министрлік өкілі су ресурстарын басқару жүйесінде ғылыми блоктың жоқ екенін айтты.

«Ғылым толығымен дерлік су ресурстарын басқару жүйесінен сыртта қалды. Озық технологиялар мен инновациялық идеяларға негізделген заманауи ғылымның жетістіктерін қолданбай, су секторын дамыту мүмкін емес», - деді М. Иманәлиев.

Жаңа Су кодексінде ғылыми-зерттеу орталығының өкілеттіктері мен оның су ресурстары мен суға сұранысты жоспарлаудағы, басқарудағы рөлі және басқа да ғылыми мекемелердің қызметін үйлестіру көзделмек.

Сондай-ақ ілеспе заң жобасында су шаруашылығы мен су ресурстары саласындағы жобаларды жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шығындардың 1%-ын ғылымды дамытуға бағыттау міндеттемесі есебінен қаржыландыруы мүмкін жобалар тізбесіне енгізу ұсынылады.

«Бұдан басқа, Білім туралы заңға мемлекеттік грант иегерлері үшін ауылдық квота бойынша міндетті 3 жылдық жұмыс істеуге қатысты түзетулер, ал АӨК туралы заңға – ауылдық жерде жұмыс істеуге байланысты жеңілдіктер мен қолдау алуға құқығы бар адамдардың тізбесіне су шаруашылығы мамандарын енгізуге арналған нормалар енгізіледі», - деді Марат Иманәлиев.


Фото: grander.com