Экология министрлігін сотқа берген Қашаған операторының талабы ішінара қанағаттандырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экологтар Қашаған кен орнының операторына экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл салған болатын. Компания бұл шешіммен келіспей, Экология және табиғи ресурстар министрлігін сотқа берді. Өткен аптада сот шешімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экология министрлігін сотқа берген Қашаған операторының талабы ішінара қанағаттандырылды

«Іс 2023 жылдың 14 маусымында қаралды. Сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылды. Сот министрлік шешімін заңсыз деп танып, 10 бұзушылықтың 3-ін жою туралы бұйрықтың күшін жойды», - деген жауап алдық елорда сотынан.

Еске сала кетейік, биыл наурызда Экология министрлігі North Caspian Operating Company компаниясын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салуды талап етіп, сотқа жүгінгенін хабарлаған едік.

Одан бөлек, Bloomberg басылымы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің North Caspian Operating Company компаниясын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін $5,1 млрд көлемінде айыппұл салуды талап етіп, сотқа жүгінгенін жазған.

Биыл 6 наурызда Атырау облысы бойынша экология департаменті күкіртті заңсыз сақтау фактісі бойынша North Caspian Operating Company компаниясының қызметіне тексеру жүргізгені белгілі болды.

Кейін Қашаған мұнай кен орнының операторы North Caspian Operating Company Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күкірт шығарындыларын шектен тыс асырғаны туралы шешімімен келіспейтіні айтылды.