Экология, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және Сыртқы iстер министрліктері бюджет қаражатын игере алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын тиімді игере алмаған органдар мен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экология, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және Сыртқы iстер министрліктері бюджет қаражатын игере алмады

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 121,7%-ке атқарылды және 3,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 552 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 504 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, мемлекеттік бюджет шығыстары 99,3%-ке, республикалық бюджет шығыстары – 99,4%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ке атқарылды.

«Республикалық бюджет бойынша сомасы 11 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Мұнда 62 млрд теңге атқарылмай қалды, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу болса, 49 млрд теңге игерілмеген. Игерілмеудің анағұрлым ірі сомалары Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт және Сыртқы iстер министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы», - деді Е. Жамаубаев.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,8 трлн теңгені құрады. Онда 28 млрд теңге атқарылмай қалған.

«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 шілдеге 755 млрд теңге бөлінген. Оның 99% игерілген. Игерілмей қалған 8 млрд теңге Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында қалыптасты», - деп түсіндірді Қаржы министрі.